
Қазақстандық мерген Әсем Орынбай Италия астанасы Римде өтетін нысана көздеу және стенд атудан әлем кубогының финалында ел намысын қорғайды.
3–8 желтоқсан аралығында ұйымдастырылатын маусымның қорытынды жарысында отандасымыз «скит» бағдарламасы бойынша сынға түседі.
Әсем Орынбай – әлем кубогының биылғы финалына жолдама алған жалғыз қазақстандық спортшы. Ол Алматыда өткен әлем кубогы кезеңінде жеңіске жетіп, маусымның шешуші жарысына қатысу құқығын иеленген болатын.
Турнир ережесіне сәйкес, финалға қатысушылар әлем кубогының төрт кезеңіндегі нәтижелері мен жалпы рейтингтегі көрсеткіштері негізінде анықталады. Сондай-ақ 2026 жылғы әлем чемпионатының жүлдегерлері мен өткен жылғы әлем кубогы финалының жеңімпаздары да жарысқа қатыса алады.
Римдегі халықаралық додада барлығы 12 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Айта кетейік, Әсем Орынбайдың әлем кубогы финалында жеңіске жеткен тәжірибесі бар. Қазақстандық спортшы 2023 жылы Қатар астанасы Дохада өткен маусымның қорытынды жарысында алтын медаль иеленген еді.



