
Алматыда әйелдер арасында гандболдан Азия чемпионаты басталды. Қазақстан құрамасы құрлық біріншілігіндегі алғашқы кездесуінде Аустралия командасын 37:18 есебімен жеңді.
Қазақстандық гандболшылар қарсыластарынан 19 доп айырмасымен басым түсіп, топтық кезеңдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы В тобында өнер көрсетіп жатыр. Бұл топта Аустралиядан бөлек Оңтүстік Корея, Өзбекстан және Үндістан құрамалары бар.
Қазақстандық гандболшылар келесі кездесуін 24 қарашада Үндістан құрамасына қарсы өткізеді.
Алматыдағы Азия чемпионаты 3 желтоқсанға дейін жалғасады. Құрлық біріншілігіне қатысып жатқан он құраманың төртеуі 2027 жылы Венгрияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.



