ҚЫСҚЫ СПОРТ

Қазақстандық шаңғышылар Норвегиядағы әлем кубогы кезеңінде үздік отыздыққа енді

Норвегияның Лиллехаммер қаласында шаңғымен тұғырдан секіруден әлем кубогының кезекті кезеңі аяқталды. Қазақстан құрамасының өкілдері ерлер арасындағы үлкен тұғырдан секіру жарыстарында өнер көрсетті.

Турнир аясында екі жекелей сайыс ұйымдастырылды. Қазақстандық Данил Васильев пен Илья Мизерных екі жарыстың да іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, негізгі бәсекеге қатысу құқығына ие болды.

Алғашқы жарыста Данил Васильев 19-орын алып, Қазақстан құрамасы сапындағы ең жоғары нәтижені көрсетті. Ал Илья Мизерных 49-орынға тұрақтады.

Бұл сайыста австриялық Штефан Эмбахер жеңімпаз атанды. Күміс медальді норвегиялық Халвор Эгнер Гранеруд иеленсе, үздік үштікті Австрия өкілі Раффаэль Циммерманн түйіндеді.

Екінші жарыста да Данил Васильев қазақстандықтар арасында үздік нәтиже көрсетті. Ол 29-орынға ие болды. Илья Мизерных бұл жолы 39-сатыға орналасты.

Екінші бәсекеде Норвегия спортшысы Кристоффер Эриксен Сундал жеңіске жетті. Австриялық Раффаэль Циммерманн екінші, норвегиялық Исак Андреас Лангмо үшінші орын алды.

Қазақстан құрамасының тағы екі өкілі Святослав Назаренко мен Нұршат Тұрсынжанов іріктеу кезеңінен өте алмады.

Осылайша, Лиллехаммердегі әлем кубогы кезеңінде Қазақстан құрамасының ең жоғары көрсеткіші Данил Васильевтің алғашқы жарыста алған 19-орны болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button