
Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Чилидің Колина қаласында өткен WTA 125 санатындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.
Отандасымыз жұптық сында словениялық Вероника Эрьявецпен бірге өнер көрсетіп, жарыстың бас жүлдесін жеңіп алды.
Финалда қазақстандық-словениялық жұп украиналық Валерия Страховая мен ресейлік Анастасия Тихоноваға қарсы ойнады. Құламбаева мен Эрьявец екі сетте де басымдық танытып, 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Чемпиондық атаққа жету жолында олар түркиялық Ипек Оз бен грекиялық Деспина Папамихаил жұбын жарыс жолынан шығарды. Ал жартылай финалда аустралиялық Теника Макгиффин мен Александра Осборнды жеңді.
Бұл – Жібек Құламбаеваның WTA 125 санатындағы турнирлерде қатарынан екінші жеңісі.
Бір апта бұрын қазақстандық теннисші дәл осы Вероника Эрьявецпен бірге Колумбияның Сопо қаласында өткен турнирде де чемпион атанған болатын.
Осылайша, Құламбаева мен Эрьявец екі апта ішінде екі халықаралық турнирде топ жарып, жұптық сындағы сәтті өнерін жалғастырды.



