
20 қарашада Панама қаласында халықаралық World Boxing ұйымының Конгресі өтті. Жиынға жүзге жуық елдің делегаттары қатысып, әлемдік бокстың дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселені қарастырды.
Конгресс барысында ұйым басшылығының, түрлі комитеттердің және ұлттық бокс федерациялары өкілдерінің есептері тыңдалды. Сонымен қатар жарыс ережелеріне өзгерістер енгізу, төрешілік пен жарыстарды ұйымдастыру жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Жиында жасанды интеллект технологияларын бокста қолдану мүмкіндіктеріне де назар аударылды. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы технологиялар белсенді түрде сынақтан өткізіліп жатқаны айтылды.
Сондай-ақ ерлер боксында қорғаныс бас киімін қайта енгізу туралы ұсыныс қаралды. Алайда Конгресс қатысушылары бұл өзгерісті мақұлдамады.
Халықаралық ұйымның бірқатар басшылық қызметіне сайлау да өткізілді. Оның нәтижесінде Қазақстан бокс федерациясының халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті Рауан Игенев World Boxing ұйымының Спорт және жарыстар комитетінің төрағасы болып сайланды.
Аталған комитет халықаралық жарыстардың техникалық ережелері, спорттық жабдықтарға қойылатын талаптар, салмақ дәрежелері және жарыстарды өткізу тәртібіне жауап береді.
Бұдан бөлек, комитеттің құзыретіне халықаралық жарыстар күнтізбесін қалыптастыру, турнирлердің өткізілу форматын жетілдіру, әлемдік рейтингтер, іріктеу және біліктілік жүйелеріне қатысты мәселелер кіреді.
Комитет осы бағыттар бойынша ұсыныстар әзірлеп, World Boxing Атқарушы комитетінің қарауына ұсынады.
Осылайша, Рауан Игенев халықаралық бокстың жарыс жүйесі мен техникалық ережелерін дамытуға жауапты негізгі құрылымдардың бірін басқаратын болды.



