Кристина Шумекова Жапониядағы әлем кубогы кезеңінде бесінші орын алды

Қазақстандық конькиші Кристина Шумекова Жапонияның Обихиро қаласында басталған әлем кубогының екінші кезеңінде үздік бестікке енді.
Жарыстың алғашқы күнінде отандасымыз 1000 метр қашықтықта сынға түсіп, 1 минут 15,38 секунд нәтиже көрсетті. Бұл көрсеткіш оған бесінші орын алуға мүмкіндік берді.
Аталған қашықтықта Нидерланд спортшысы Ангел Далеман жеңімпаз атанды. Ол мәреге 1 минут 13,70 секундта жетіп, қазақстандық конькишіден 1,68 секунд жылдам болды.
Күміс медальді тағы бір нидерландтық Изабель Гревелт иеленді. Оның нәтижесі – 1 минут 14,66 секунд. Ал польшалық Виктория Дабровска 1 минут 14,80 секунд көрсеткішпен қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, Кристина Шумекова бұған дейін Қытайдың Бейжің қаласында өткен әлем кубогының алғашқы кезеңінде дәл осы 1000 метр қашықтықта күміс медаль жеңіп алған еді.
Осылайша, қазақстандық спортшы әлем кубогының қатарынан екінші кезеңінде де 1000 метрлік жарыста үздік бестікке кірді.



