
Қазақстандық үстел теннисшісі Алан Құрманғалиев Түркияның Ыстамбұл қаласында өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысады.
21–28 қараша аралығында ұйымдастырылатын әлем біріншілігінде қазақстандық спортшы жекелей сында және екі жұптық сайыста өнер көрсетеді.
Ерлер арасындағы жұптық бәсекеде Алан Құрманғалиев ирандық Беньямин Фараджимен бірге ойнайды. Ал аралас жұптық жарыста оның серіктесі Мысыр өкілі Хана Года болады.
Осылайша, қазақстандық теннисші әлем чемпионатында үш бағдарлама бойынша жүлдеге таласады.
Биылғы жастар арасындағы әлем біріншілігіне 50 елдің спортшылары қатысады. Жарыс 19 жасқа дейінгі (U19) және 15 жасқа дейінгі (U15) жас санаттарында өткізіледі.
Турнир барысында барлығы 14 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 28 қарашаға дейін анықталады.



