Қазақстандық екі мәнерлеп сырғанаушы Эстониядағы халықаралық турнирге қатысады

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Никита Кривошеев пен Артур Смағұлов Эстония астанасы Таллинде басталған Tallinn Trophy халықаралық турнирінде өнер көрсетеді.
Аталған жарыс мәнерлеп сырғанаудан Challenger сериясының күнтізбесіне кіреді. Қазақстанның екі өкілі де ерлер арасындағы жекелей сында бақ сынайды.
Турнир бағдарламасына сәйкес, 18 қарашада спортшылар қысқа бағдарламаларын орындайды. Ал 19 қарашада еркін бағдарлама бойынша жарыстар өтеді.
Ерлер арасындағы бәсекеге барлығы 24 мәнерлеп сырғанаушы қатысады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер екі бағдарламада жинаған ұпайларының қосындысы бойынша анықталады.
Никита Кривошеев пен Артур Смағұлов Tallinn Trophy турнирінде Қазақстан намысын қорғап, халықаралық жарыста жоғары нәтиже көрсетуге талпынады.



