БОКСТРЕНДТЕ

World Boxing рейтингінде төрт қазақстандық боксшы бірінші орынға шықты

World Boxing халықаралық бокс федерациясы спортшылардың жаңартылған әлемдік рейтингін жариялады. Жаңа тізімде Қазақстан құрамасының төрт өкілі өз салмақ дәрежесінде көш бастады.

Ерлер арасында 50 келіге дейінгі салмақта Санжар Тәшкенбай, 70 келіде Төрехан Сабырхан және 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай бірінші орынға орналасты. Ал әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова рейтинг көшбасшысы атанды.

Тағы төрт қазақстандық боксшы өз салмақ дәрежесінде екінші орында тұр. Олар – Назым Қызайбай (48 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі) және Аида Әбікеева (65 келі).

Үздік үштіктен Нұрбек Оралбай (85 келіге дейін) мен Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) да орын алды. Екі спортшы да өз санатында үшінші сатыға жайғасты.

Сонымен қатар World Boxing рейтингінің алғашқы ондығына Қазақстанның тағы бірнеше өкілі енді.

Төртінші орында Сабыржан Аққалықов (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Надежда Рябец (80 келі) тұр. Ал Оразбек Асылқұлов (60 келі) мен Виктория Графеева (60 келі) алтыншы орынға тұрақтады.

Әйелдер арасындағы 80 келіден жоғары салмақта Елдана Тәліпова жетінші сатыға орналасты.

Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Сұлтанбек Айбарұлы (85 келі) және Сағындық Тоғамбай (90 келі) тоғызыншы орында тұрса, Бақыт Сейдіш (70 келі) үздік ондықты түйіндеді.

Жарияланған мәліметке сәйкес, Қазақстанның 20 рейтингтік орны алғашқы ондыққа кіреді. Оның төртеуі бірінші, төртеуі екінші және екеуі үшінші орынға тиесілі.

Айта кетейік, жарияланған тізімде Нұрбек Оралбайдың есімі екі түрлі салмақ дәрежесінде – 80 және 85 келіде көрсетілген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button