Астанада ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатының алғашқы жеңімпаздары анықталды

Астанада ерлер мен әйелдер арасындағы ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күндерінде төрт салмақ дәрежесі бойынша ел чемпиондары мен жүлдегерлері белгілі болды.
Әйелдер арасындағы 49 келіге дейінгі салмақта Жамбыл облысының өкілі Айнұр Абдықалықова жеңімпаз атанды. Ол жұлқа көтеруде 64 келіні, серпе көтеруде 80 келіні бағындырып, қоссайыс қорытындысында 144 келі нәтиже көрсетті.
Күміс медаль 130 келі (55+75) көтерген қостанайлық Ирина Чумакқа бұйырды. Ал Қызылорда облысының спортшысы Фатима Туребаева 127 келі (56+71) нәтижемен үшінші орын алды.
53 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жетісу облысының өкілі Әйгерім Әуелбек топ жарды. Ол жұлқа көтеруде 73 келіні, серпе көтеруде 90 келіні еңсеріп, жалпы 163 келі жинады.
Екінші орынға Қостанай облысынан келген Виктория Мурашкина (149 келі) тұрақтаса, қарағандылық Олеся Теренюк (140 келі) қола жүлдегер атанды.
Ерлер арасындағы 60 келіге дейінгі салмақта Батыс Қазақстан облысының спортшысы Өтепберген Әлиев ел чемпионы атанды. Ол жұлқа көтеруде 123 келіні, серпе көтеруде 141 келіні бағындырып, қоссайыста 264 келі нәтиже тіркеді.
Алматы облысының өкілі Алексей Дроздов 253 келімен күміс медаль иеленді. Үшінші орын 246 келі көтерген қызылордалық Азамат Төлегенге бұйырды.
65 келіге дейінгі салмақта Қызылорда облысының ауыр атлеті Мұхаммедәлі Қойшыбек жеңіске жетті. Ол жұлқа көтеруде 108 келіні, серпе көтеруде 150 келіні бағындырып, жалпы 258 келі жинады.
Бұл салмақта қостанайлық Никита Журавлев 254 келімен екінші орын алса, Жетісу облысының өкілі Аблай Анамбай 252 келі нәтижемен үздік үштікті түйіндеді.
Осылайша, Қазақстан чемпионатының алғашқы төрт алтын медалі Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының спортшыларына бұйырды.
Астанадағы ел біріншілігі 22 қарашаға дейін жалғасады.



