
Қазақстанның семсерлесуден ерлер құрамасы Өзбекстан астанасы Ташкентте өтетін әлем кубогының кезекті кезеңіне қатысады. 3–6 желтоқсан аралығында ұйымдастырылатын халықаралық жарыста спортшылар шпагамен семсерлесуден жекелей және командалық сында өнер көрсетеді.
Жекелей жарыста Қазақстан намысын 12 спортшы қорғайды. Ұлттық құрама сапына Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов, Нұржан Әбжанов, Эльмир Әлімжанов, Александр Федотов, Алексей Касаткин, Богдан Лукин, Ғабидин Мұстафин, Кирилл Павлов және Георгий Тинников енді.
Ал командалық бәсекеде Қазақстан атынан Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов сынға түседі.
Айта кетейік, әлем кубогының бұған дейінгі кезеңі Швейцарияның Берн қаласында өткен болатын. Сол жарыста қазақстандық Вадим Шарлаимов жекелей сында жартылай финалға дейін жетіп, қола медаль жеңіп алды.
Ол финалға шығу үшін өткен кездесуде Венгрия өкілі Гергей Шиклошиге 4:15 есебімен жол берген еді.
Енді қазақстандық шпагашылар Ташкенттегі әлем кубогының кезеңінде жекелей және командалық жарыстарда жүлделі орындарға таласады.



