
Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Хорватия астанасы Загребте өткен таеквондодан халықаралық рейтингтік турнирде үш жүлдеге қол жеткізді.
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар екі алтын және бір күміс медаль иеленді.
59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрай Амангелді қарсыластарынан басым түсіп, турнир жеңімпазы атанды.
Қазақстан құрамасының екінші алтын медалін Балгерім Өтеген жеңіп алды. Ол 68 келіге дейінгі салмақта үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Ал 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Сабина Туртулова финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды.
Осылайша, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Загребтегі халықаралық рейтингтік турнирді үш медальмен қорытындылады.



