ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстан құрамасы Словакиямен тең ойнап, Ұлттар лигасын соңғы орынмен аяқтады

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының алтыншы турында Словакиямен 2:2 есебімен тең түсті. Отандастарымыз кездесудің соңғы минуттарына дейін алда болғанымен, жеңісті сақтап қала алмады.

Матчтың 29-минутында Қазақстан құрамасының ойыншысы Чесноков есеп ашып, алаң иелерін алға шығарды. Бірінші тайм қазақстандықтардың басымдығымен аяқталды.

Екінші таймда Словакия құрамасы таразы басын теңестірді. 56-минутта Боженик гол соғып, есепті 1:1-ге жеткізді.

Алайда араға тоғыз минут салып, Қазақстан қайтадан алға шықты. 65-минутта Вороговский қарсылас қақпасын дәл көздеп, есепті 2:1-ге өзгертті.

Кездесудің негізгі уақыты аяқталғаннан кейін де Қазақстан құрамасы жеңіске жақын тұрған еді. Бірақ төреші қосқан бесінші минутта Капралик гол соғып, Словакияны жеңілістен құтқарды. Қорытынды есеп – 2:2.

Қазақстан құрамасының екі голына да Ғалымжан Кенжебек нәтижелі пас берді.

Осы топтағы қатар өткен кездесуде Фарер аралдары Молдова құрамасын жеңіп, турнир кестесінде екінші орынға ие болды. Осы нәтиженің арқасында Фарер аралдары плей-офф кезеңіне қатысу мүмкіндігін алды.

Ал Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасының топтық кезеңін соңғы орынмен аяқтады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button