
Хорватия астанасы Загребте дзюдодан Гран-при турнирі мәресіне жетті. Халықаралық жарыста Қазақстан құрамасы бір алтын және екі күміс медаль иеленді.
Ұлттық құраманың жалғыз алтын жүлдесін Нұрқанат Серікбаев жеңіп алды. Ол 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, турнир чемпионы атанды.
Әйелдер арасындағы 48 келіге дейінгі салмақта Ғалия Тынбаева финалға дейін жетіп, күміс медаль еншіледі. Шешуші белдесуде қазақстандық дзюдошы Италия өкілі Ассунта Скуттоға жол берді.
Қазақстан қоржынына екінші күміс медальді Аман Бақытжан салды. Ол 60 келіге дейінгі салмақтың финалында Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Қытайлық Тайбэй өкілі Ян Юн Вэйден жеңілді.
Қазақстан құрамасының тағы екі спортшысы қола медальға жақын болды. 63 келіге дейінгі салмақта Эсмигүл Куюлова және 100 келіден жоғары салмақта Ерасыл Қажыбаев жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Осылайша, Қазақстан дзюдошылары Загребтегі Гран-при турнирін үш жүлдемен қорытындылады.



