
Қостанай қаласында қыз балаларды футболға баулуға бағытталған UEFA Playmakers бағдарламасы басталды. Жобаны Қазақстан футбол федерациясының Әйелдер футболы департаменті ұйымдастырып отыр.
Бағдарлама аясындағы оқыту семинарына «Тобыл» әйелдер футбол клубының ойыншылары мен жаттықтырушылары қатысуда. Олар қыз балаларды футболға қызықтырудың және жаттығуларды ойын түрінде өткізудің әдістемелерімен танысады.
UEFA Playmakers – Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) мен Disney компаниясы бірлесіп әзірлеген жоба. Оның негізгі мақсаты – 5–12 жас аралығындағы қыз балаларды футболға тарту, спортқа деген қызығушылығын арттыру және дене белсенділігін дамыту.
Бағдарламаның басты ерекшелігі – футбол жаттығулары Disney компаниясының танымал анимациялық фильмдерінің оқиғаларына негізделеді. Балалар өздеріне таныс кейіпкерлердің оқиғалары арқылы түрлі ойындарға қатысып, доппен жұмыс істеуді және футболдың бастапқы дағдыларын меңгереді.
Мұндай оқыту тәсілі балалардың жаттығуға қызығушылығын арттыруға, қимыл-қозғалыс қабілеттерін жетілдіруге және командалық ойынға бейімделуіне бағытталған.
Қазақстан футбол федерациясы UEFA Playmakers жобасын еліміздің өңірлерінде кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.
Бұған дейін бағдарлама Павлодар, Семей, Көкшетау, Қарағанды және Алматы қалаларында ұйымдастырылған. Енді жоба Қостанайда жалғасып жатыр.



