ҚЫСҚЫ СПОРТ

Қазақстан керлингтен әлем чемпионатына жолдама ала алмады

Керлингтен Қазақстан ерлер құрамасы Шотландияның Абердин қаласында өткен 2027 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турниріндегі өнерін аяқтады. Ұлттық команда топтық кезеңнен өте алмай, әлем біріншілігіне қатысу мүмкіндігінен айырылды.

Қазақстандық керлингшілер А тобында жеті кездесу өткізіп, үш рет жеңіске жетті және төрт ойында қарсыластарына жол берді. Нәтижесінде топта алтыншы орынға тұрақтап, плей-офф кезеңіне шыға алмады.

Топтық кезеңдегі соңғы матчта Қазақстан құрамасы Гонконгпен кездесті. Негізгі уақыт тең есеппен аяқталып, жеңімпаз қосымша кезеңде анықталды. Шешуші сәтте Гонконг командасы басымдық танытып, 8:5 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан құрамасы іріктеу турнирінде Данияны 5:3, Австрияны 7:4 және Мексиканы 9:3 есебімен ұтты. Алайда Түркия, Норвегия, Испания және Гонконг құрамаларына есе жіберді.

Қазақстан құрамасының турнирдегі нәтижелері:

  • Қазақстан – Дания: 5:3

  • Қазақстан – Түркия: 3:6

  • Қазақстан – Австрия: 7:4

  • Қазақстан – Норвегия: 1:6

  • Қазақстан – Мексика: 9:3

  • Қазақстан – Испания: 4:7

  • Қазақстан – Гонконг: 5:8

Жеті кездесудің қорытындысында Қазақстан А тобында алтыншы, ал турнирдің жалпы есебінде 12-орын алды.

А тобынан плей-офф кезеңіне Норвегия, Дания, Австрия және Түркия құрамалары жолдама алды. Жарыс ережесіне сәйкес, әр топтың үздік төрт командасы келесі кезеңде өнер көрсетеді.

Абердиндегі іріктеу турнирінде Қазақстан намысын Абылайхан Жүзбай, Әділ Жұмағожа, Айдос Аллияр, Мадияр Қорабаев және Дмитрий Гарагуль қорғады.

Айта кетейік, турнир қорытындысы бойынша үздік алты құрама 2027 жылғы керлингтен әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button