БОКСТРЕНДТЕ

Бибарыс Әшірбай жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды

Қазақстандық боксшы Бибарыс Әшірбай Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды.

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз финалдық жекпе-жекте Ұлыбритания өкілі Майкл Моэнмен кездесті.

Шешуші айқаста британдық боксшы алғашқы раундтан бастап басымдық танытты. Үш раундтың қорытындысында төрешілер 4:1 есебімен Майкл Моэннің жеңісін тіркеді.

Осылайша, Бибарыс Әшірбай жасөспірімдер Олимпиадасын екінші орынмен аяқтап, Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль салды.

Айта кетейік, қазақстандық боксшы жартылай финалда Мексика өкілі Хорхе Луис Ньеблас Гутьерресті 5:0 есебімен жеңіп, финалға жолдама алған болатын.

Бұл – Қазақстан боксшыларының Дакардағы екінші күміс жүлдесі. Бұған дейін қыздар арасындағы 57 келіге дейінгі салмақта Ақнұр Тұрсынғали финалда бразилиялық Сара Кампосқа 1:4 есебімен жол беріп, күміс медаль иеленген еді.

Ал 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Марал Төлепберген қола жүлдегер атанды.

Бибарыс Әшірбайдың нәтижесінен кейін Қазақстан құрамасының жасөспірімдер Олимпиадасындағы медаль саны жетіге жетті.

Еліміздің қоржынындағы екі алтын медальді дзюдошы Фатима Сұпығалиева мен велошабандоз Әнел Тәшбай жеңіп алды.

Ал триатлоншы Рамазан Әйнегов, таеквондошы Любовь Юн және боксшы Марал Төлепберген қола медаль иеленді.

Осылайша, Қазақстан құрамасының еншісінде екі алтын, екі күміс және үш қола жүлде бар. Оның үшеуін боксшылар жеңіп алды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button