
Қазақстандық боксшы Ақнұр Тұрсынғали Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз финалдық жекпе-жекте Бразилия өкілі Сара Кампоспен кездесті.
Шешуші айқастың алғашқы раундында Ақнұр Тұрсынғали басымдық танытты. Алайда екінші және үшінші раундтарда бразилиялық боксшы белсенділігін арттырып, кездесудің барысын өз пайдасына өзгертті.
Үш раундтың қорытындысында төрешілер 4:1 есебімен Сара Кампостың жеңісін тіркеді. Осылайша, бразилиялық спортшы Олимпиада чемпионы атанса, Ақнұр Тұрсынғали күміс медаль иеленді.
Айта кетейік, қазақстандық боксшы финалға дейін сәтті өнер көрсетті. Жартылай финалда ол украиналық Евангелина Петрукті 4:1 есебімен жеңіп, алтын медаль үшін жұдырықтасу мүмкіндігіне ие болған еді.
Ақнұр Тұрсынғалидың күміс жүлдесінен кейін Қазақстан құрамасының Дакардағы медаль саны алтыға жетті.
Бұған дейін дзюдошы Фатима Сұпығалиева мен велошабандоз Әнел Тәшбай алтын медаль жеңіп алған болатын.
Сондай-ақ триатлоншы Рамазан Әйнегов, таеквондошы Любовь Юн және боксшы Марал Төлепберген қола жүлдегер атанды.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында екі алтын, бір күміс және үш қола медаль бар.



