
Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстанның екі боксшысы финалға жолдама алды. Ақнұр Тұрсынғали мен Бибарыс Әшірбай 12 қарашада алтын медаль үшін шаршы алаңға шығады.
Қыздар арасындағы 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Ақнұр Тұрсынғали шешуші кездесуде Бразилия өкілі Сара Кампоспен жұдырықтасады.
Қазақстандық боксшы жартылай финалда украиналық Евангелина Петрукті төрешілердің 4:1 есебіндегі шешімімен жеңді. Ал Сара Кампос финалға шығу жолында Венгрия спортшысы Жофия Ченге Киштен 5:0 есебімен басым түсті.
Ерлер арасындағы 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Бибарыс Әшірбай Ұлыбритания өкілі Майкл Моэнмен алтын жүлдені сарапқа салады.
Бибарыс жартылай финалда мексикалық Хорхе Луис Ньеблас Гутьерресті 5:0 есебімен жеңіп, финалға сенімді түрде өтті. Оның қарсыласы Майкл Моэн де жартылай финалда Біріккен Араб Әмірліктерінің боксшысы Мухаммед Моаазды 5:0 есебімен ұтты.
Қазақстандық боксшылардың финалдағы қарсыластары:
-
57 келі: Ақнұр Тұрсынғали – Сара Кампос (Бразилия)
-
70 келі: Бибарыс Әшірбай – Майкл Моэн (Ұлыбритания)
Екі жекпе-жек те 12 қарашада Астана уақытымен сағат 17:00-де басталатын күндізгі сессия аясында өтеді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының тағы бір боксшысы Марал Төлепберген жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Ол 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында өзбекстандық Сабрина Чакомановаға 0:5 есебімен жол берді.
Осылайша, Қазақстан бокс құрамасы Дакардағы Олимпиадада кемінде үш медаль иеленеді. Оның екеуінің түсі финалдық кездесулердің қорытындысында анықталады.



