ҚЫСҚЫ СПОРТТРЕНДТЕ

Қазақстан керлингтен әлем чемпионатына іріктеуде үшінші жеңісіне қол жеткізді

Қазақстанның ерлер құрамасы Шотландияның Абердин қаласында өтіп жатқан керлингтен 2027 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде Мексиканы жеңді.

Топтық кезеңнің бесінші турында қазақстандық керлингшілер Мексика құрамасынан 9:3 есебімен басым түсіп, жарыстағы үшінші жеңісін тіркеді.

Алайда алтыншы кездесуде ұлттық команда Испанияға қарсы ойында жеңіліске ұшырады. Бұл матч 4:7 есебімен аяқталды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы алты кездесудің үшеуінде жеңіске жетіп, қалған үшеуінде қарсыластарына жол берді. Ұлттық команда А тобында Австриямен бірге төртінші орынды бөлісіп тұр.

Топ көшбасшысы – Норвегия құрамасы. Норвегиялық керлингшілер алты матчтың барлығында жеңіске жеткен. Екінші орында бес жеңісі бар Дания орналасса, төрт кездесуде басым түскен Түркия үшінші сатыға жайғасқан.

Қазақстан құрамасының іріктеу турниріндегі нәтижелері:

  • Қазақстан – Дания: 5:3

  • Қазақстан – Түркия: 3:6

  • Қазақстан – Австрия: 7:4

  • Қазақстан – Норвегия: 1:6

  • Қазақстан – Мексика: 9:3

  • Қазақстан – Испания: 4:7

Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі соңғы кездесуін 12 қарашада Гонконг командасына қарсы өткізеді. Бұл ойын ұлттық құраманың плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі тұрғысынан маңызды болмақ.

Турнир ережесіне сәйкес, әр топтан үздік төрт команда плей-офф кезеңіне жолдама алады.

Ал іріктеу жарысының қорытындысы бойынша алты құрама 2027 жылғы керлингтен әлем чемпионатына қатысу құқығын иеленеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button