
Қазақстандық боксшы Марал Төлепберген Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында қола медаль жеңіп алды.
54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз жартылай финалда Өзбекстан өкілі Сабрина Чакомановаға қарсы жұдырықтасты.
Жекпе-жек қорытындысында төрешілер бірауыздан өзбекстандық спортшының жеңісін тіркеді. Кездесу 5:0 есебімен аяқталды.
Осылайша, Марал Төлепберген финалға шыға алмады және жасөспірімдер Олимпиадасын қола жүлдемен аяқтады.
Айта кетейік, Қазақстанның тағы екі боксшысы финалға жолдама алды. Қыздар арасындағы 57 келіге дейінгі салмақта Ақнұр Тұрсынғали, ал ерлер арасындағы 70 келіге дейінгі салмақта Бибарыс Әшірбай алтын медаль үшін жұдырықтасады.
Марал Төлепбергеннің жүлдесінен кейін Қазақстан құрамасының Дакардағы медаль саны беске жетті.
Бұған дейін дзюдошы Фатима Сұпығалиева мен велошабандоз Әнел Тәшбай алтын медаль жеңіп алған болатын. Сондай-ақ триатлоншы Рамазан Әйнегов пен таеквондошы Любовь Юн қола жүлдеге ие болды.
Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының еншісінде екі алтын және үш қола медаль бар. Ал финалға шыққан екі боксшының нәтижесі ұлттық құраманың жүлде қоржынын толықтыруға мүмкіндік береді.



