
Қазақстандық таеквондошы Любовь Юн Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
63 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз жартылай финалға дейін екі қарсыласын жеңіп, жүлделі орынға қол жеткізді.
Любовь Юн алғашқы кездесуінде Норвегия өкілі Сара Наташа Фемер-Педерсенді 2:0 есебімен жеңді. Ширек финалда да қазақстандық спортшы сенімді өнер көрсетіп, бразилиялық Рафаэла Мейреллес да Костадан 2:0 есебімен басым түсті.
Жартылай финалда Любовь Юн Сербия спортшысы Эма Зечировичпен кездесті. Бұл жекпе-жекте қарсыласы 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Бірінші раунд 18:4 есебімен сербиялық таеквондошының пайдасына аяқталса, екінші раундта да Эма Зечирович 14:4 есебімен басым түсті.
Жарыс ережесіне сәйкес, жартылай финалда жеңілген екі спортшыға да қола медаль беріледі. Осылайша, Любовь Юн жасөспірімдер Олимпиадасын үшінші орынмен аяқтады.
Бұл – Қазақстан құрамасының Дакардағы төртінші жүлдесі.
Бұған дейін дзюдошы Фатима Сұпығалиева 52 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алған болатын. Сондай-ақ велошабандоз Әнел Тәшбай жекелей уақытқа жарыста Олимпиада чемпионы атанды.
Ал триатлоншы Рамазан Әйнегов қола медаль иеленді.
Любовь Юнның нәтижесінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында екі алтын және екі қола медаль бар.



