
Астанада қыз балалар арасында футболды дамытуға бағытталған UEFA Playmakers бағдарламасы аясында жаттықтырушыларға арналған оқыту курсы басталды. Жобаға «Астана» әйелдер футбол клубының ойыншылары мен бапкерлері қатысып жатыр.
Оқу барысында қатысушылар бағдарламаның құрылымымен танысып, балаларды футболға үйретудің заманауи әдістерін меңгеруде. Атап айтқанда, әңгімелеу арқылы оқыту, қолайлы жаттығу ортасын қалыптастыру және балалардың ынтасын арттыру тәсілдері қарастырылды.
Сонымен қатар жаттықтырушылар Ego-oriented және Task-oriented әдістерінің ерекшеліктерін талқылады. Бұл тәсілдер балалардың нәтижеге немесе тапсырманы орындау мен жеке дамуға бағытталған ынтасын ескеруге негізделген.
UEFA Playmakers – Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы мен Disney компаниясының бірлескен жобасы. Бағдарлама 5–12 жас аралығындағы қыздарды футболға қызықтыруға бағытталған.
Жобаның ерекшелігі – футбол жаттығулары Disney компаниясының танымал анимациялық фильмдеріндегі оқиғалар негізінде ұйымдастырылады. Балалар ертегі кейіпкерлері мен қызықты сюжеттер арқылы футболдың қарапайым элементтерін үйреніп, қимыл-қозғалыс дағдыларын дамытады.
Бағдарламада бастапқы кезеңде спорттық нәтижеден гөрі балалардың ойынға қызығушылығын оятуға, өзіне деген сенімділігін арттыруға және командалық әрекетке бейімделуіне басымдық беріледі.
Айта кетейік, UEFA Playmakers бағдарламасы бұған дейін Павлодар, Семей, Көкшетау, Қарағанды және Алматы қалаларында ұйымдастырылған.
Астанадан кейін жаттықтырушыларға арналған оқыту курстары Қостанай мен Петропавл қалаларында жалғасады.



