
Қазақстандық стенд атушы Әсем Орынбай Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан әлем чемпионатында үздік бестікке еніп, ел қоржынына 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының жолдамасын салды.
Отандасымыз әйелдер арасындағы «скит» бағдарламасында сәтті өнер көрсетіп, финалға жолдама алған сегіз спортшының қатарына кірді. Шешуші кезеңнің қорытындысында қазақстандық мерген бесінші орынға тұрақтады.
Бұл сайыста жүлделі орындардың барлығын Қытай спортшылары иеленді. Цзян Итинг әлем чемпионы атанса, Чэ Юйфэй күміс медаль жеңіп алды. Ал Цзян Чаоюй қола жүлдегер атанды. Төртінші орын словакиялық Моника Штибраваға бұйырды.
Әсем Орынбай жүлдегерлер қатарына енбегенімен, Олимпиадаға іріктеу талаптарын орындады.
2028 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу ережесіне сәйкес, әлем чемпионатының әр жекелей сайысында үш жолдама беріледі. Алайда бір мемлекет бір ғана жолдама иелене алады.
Дохадағы жарыста алғашқы үш орынды Қытай спортшылары алғандықтан, қалған екі жолдама төртінші және бесінші орын иелеріне, яғни Словакия мен Қазақстан өкілдеріне бұйырды.
Осылайша, Әсем Орынбайдың нәтижесі Қазақстанға Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысу құқығын қамтамасыз етті.
Айта кетейік, бұл жолдама атаулы емес. Яғни Олимпиадаға қатысатын спортшыны Қазақстан құрамасы кейінірек анықтайды.



