
Астанада Қазақстан футбол федерациясының дәстүрлі KFF Awards 2026 марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты кеште аяқталған футбол маусымының үздік ойыншылары, төрешілері және медиа саласының өкілдері марапатталды.
Іс-шараға ҚФФ президенті Марат Омаров, федерацияның бас хатшысы Скотт Манн, футбол ардагерлері, кәсіби клубтардың басшылары, ұлттық және жасөспірімдер құрамаларының ойыншылары қатысты.
Биылғы марапаттау рәсімінде Қазақстан ұлттық құрамасының футболшысы Жасұлан Әмір екі бірдей аталымда жеңіске жетті. Ол «Жыл серпілісі» және «Премьер-лиганың үздік жас ойыншысы» номинациялары бойынша үздік деп танылды.
Ұлттық құраманың қақпашысы Бекхан Шайзада маусымның үздік қақпашысы атанды. Ал жастар құрамасының шабуылшысы Артем Литош Бірінші лиганың үздік ойыншысы әрі үздік сұрмергені марапаттарын иеленді.
Әйелдер футболында Қазақстанның 19 жасқа дейінгі құрамасының ойыншысы Әсел Жолболат «Жыл серпілісі» аталымында жеңімпаз атанды.
Төрешілер арасында Артем Кучин мен Эльвира Нұрмұстафинаның еңбегі атап өтілді. Оларға ҚФФ Төрешілік және қадағалау департаментінің директоры Нуно Александре Перрейра де Каштру марапат табыстады.
Салтанатты кеште FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы аясында құрылған ҚФФ академиясының алғашқы түлектері де құрметке бөленді. Академияны аяқтаған 16 жас футболшыға Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушылар штабы естелік дипломдар тапсырды.
Жас ойыншыларға FIFA-ның футболды жаһандық дамыту бөлімінің жетекшісі Арсен Венгер мен FIFA сарапшысы Стюарт Холл арнайы бейнеүндеу жолдады.
Биыл KFF Awards аясында алғаш рет футбол клубтарының ақпараттық жұмысы мен медиа жобаларына арналған арнайы марапаттар табысталды.
«Үздік клубтық медиа» аталымында шымкенттік «Ордабасы» жеңімпаз атанды. «Үздік медиажоба» марапаты «Бірінші бол!» Matchday жобасына берілді. Ал Елдар Аманбаев маусымның үздік контент-креаторы деп танылды.
Осылайша, KFF Awards 2026 рәсімінде футболшылар мен төрешілердің жетістіктерімен қатар, отандық футболды насихаттауға үлес қосқан медиа мамандарының еңбегі де бағаланды.



