ҚЫСҚЫ СПОРТТРЕНДТЕ

Софья Самоделкина Канададағы Гран-при кезеңін үздік бестікте аяқтады

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Канаданың Келоуна қаласында өткен Гран-при сериясының кезеңінде бесінші орынға ие болды.

Әйелдер арасындағы жекелей сында өнер көрсеткен Самоделкина екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 206,89 ұпай жинады.

Қазақстандық спортшы қысқа бағдарламада 71,84 ұпаймен бесінші орынға тұрақтады. Еркін бағдарламада да осы нәтижесін қайталап, 135,05 ұпай иеленді. Нәтижесінде жалпы есептегі бесінші орнын сақтап қалды.

Канададағы жарыстың жеңімпазы жапониялық Мао Симада атанды. Ол екі бағдарламада 235,44 ұпай жинап, алтын медаль жеңіп алды.

Екінші орынға 221,07 ұпаймен Эстония өкілі Нина Петрыкина жайғасты. Ал америкалық Изабо Левито 212,22 ұпай жинап, қола жүлдеге ие болды.

Осылайша, Софья Самоделкина Гран-при сериясының Канададағы кезеңінде жүлдегерлер қатарына ене алмаса да, жарысты үздік бес спортшының қатарында аяқтады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button