БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Сенегалда жасөспірімдер Олимпиадасы ашылды: Қазақстан туын екі спортшы алып шықты

Сенегалда IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанаты өтті. Африка құрлығында алғаш рет ұйымдастырылып отырған Олимпиада ойындарының ресми ашылуы 55 мың көрерменге арналған Абдулай Вад атындағы стадионда өтті.

Салтанатты шарада ұйымдастырушылар Сенегал мен Африка халықтарының тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрін таныстырды. Ауқымды қойылымға мыңнан астам адам, оның ішінде елдің әр өңірінен жиналған 600-ден астам биші қатысты.

Көрермендер дәстүрлі билерді, музыкалық және театрландырылған қойылымдарды тамашалады. Сахналық көріністерде заманауи технологиялар қолданылып, Африканың тарихи мұрасы мен бүгінгі мәдениеті ұштастырылды. Салтанатты рәсім үшін жергілікті шеберлер 1500-ге жуық арнайы киім дайындаған.

Ашылу салтанатының маңызды бөлігі ұлттық құрамалардың шеруі болды. Қазақстанның көк туын дзюдошы Фатима Сұпығалиева мен жағажай волейболшысы Әлихан Ағабек алып шықты.

Екі спортшы да 2025 жылы Бахрейнде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының жеңімпаздары. Сонымен қатар Фатима Сұпығалиева биыл кадеттер арасында дзюдодан әлем чемпионы атанған.

Салтанатты шара Олимпиада алауын жағу рәсімімен жалғасты. Алау 10 қыркүйекте Афинадағы тарихи «Панатинаикос» стадионында тұтандырылып, кейін Сенегалға жеткізілген болатын.

«Pass the Energy» («Қуатыңмен бөліс») ұранымен өткен алау эстафетасы Сенегалдың 14 өңірін қамтыды. Оған танымал актер Омар Си, блогер Хаби Лейм және елдің белгілі спортшылары қатысты. Эстафетаның соңғы кезеңі 30 қазанда Дакарда аяқталды.

Абдулай Вад атындағы стадионда Олимпиада алауы жағылғаннан кейін IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы ресми түрде ашылды.

Биылғы жарысқа 2000-нан астам жас спортшы қатысады. Қазақстан атынан 18 спортшы 11 спорт түрі бойынша жүлделерге таласады.

Бұл жолы Олимпиадаға қатысушыларды іріктеу тәртібі де өзгерген. Бұрынғыдай арнайы іріктеу жарыстары өткізілмей, жолдамаларды Халықаралық Олимпиада комитеті халықаралық спорт федерацияларымен бірлесіп, бекітілген талаптар негізінде бөлді.

Жасөспірімдер Олимпиадасының жарыстары Дакар, Диамниадио және Сали қалаларында ұйымдастырылады. Дүбірлі дода 13 қарашада аяқталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button