
«Ордабасы» өз алаңында елордалық «Жеңіспен» 1:1 есебімен тең түсті. Екінші таймның басында Гай-Марселин Килама өз қақпасына гол соғып, қонақтарды алға шығарды. 65-минутта Жасұлан Әмір алаңнан қуылғанымен, шымкенттіктер он ойыншымен есепті теңестірді. 70-минутта Эльхан Астанов мергендік танытты.
Келесі күні «Қайрат» сырт алаңда «Ақтөбемен» 2:2 есебімен тең ойнады. Ақтөбеліктер сапынан Шейи Оджо мен Агустин Пасториса гол соқса, алматылықтардың екі добын Азамат Тұяқбаев пен Марк Гуаль енгізді.
Осы нәтижеден кейін «Ордабасы» мен «Қайрат» арасындағы төрт ұпайлық айырма сақталып, шымкенттік клуб мерзімінен бұрын чемпион атанды. Андрей Мартин жаттықтыратын команда өз тарихында екінші рет Қазақстан біріншілігінің алтын медалін иеленді.
Қола жүлде үшін күрес соңғы турға дейін жалғасады. «Астана» өз алаңында «Қайсармен» 0:0 есебімен тең түсіп, маңызды ұпай жоғалтты. Ал «Оқжетпес» «Каспийді» 3:0 есебімен жеңді. Көкшетаулықтар сапынан Иван Кузьмичев, Владислав Васильев және Еркебұлан Нұрғалиев гол соқты. Осылайша «Оқжетпес» үшінші орында тұрған «Астанадан» екі ұпайға ғана қалып келеді.
Премьер-лигада қалу үшін күресте де маңызды нәтижелер тіркелді. «Ертіс» сырт алаңда «Атырауды» 3:2 есебімен жеңіп, турнир кестесінде 12-орынға көтерілді. Ал «Қызылжар» «Ұлытауды» 1:0 есебімен ұтып, келесі маусымда да жоғары дивизионда өнер көрсету құқығын сақтап қалды.
«Жетісу» өз алаңында «Тобылмен» 1:1 есебімен тең түссе, «Алтай» мен «Елімай» арасындағы кездесу 2:2 нәтижесімен аяқталды.
29-турдың барлық нәтижесі:
-
«Ордабасы» – «Жеңіс» – 1:1
-
«Ақтөбе» – «Қайрат» – 2:2
-
«Астана» – «Қайсар» – 0:0
-
«Оқжетпес» – «Каспий» – 3:0
-
«Жетісу» – «Тобыл» – 1:1
-
«Қызылжар» – «Ұлытау» – 1:0
-
«Алтай» – «Елімай» – 2:2
-
«Атырау» – «Ертіс» – 2:3
Осылайша Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы анықталды. Енді соңғы, 30-турда қола медальдің иесі мен жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалатын командалар белгілі болады.



