
Жапонияның Аичи-Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бес медальмен толықты. Ел спортшылары екі алтын, екі күміс және бір қола жүлдеге қол жеткізді.
Тасжолдағы велоспорттан ерлер арасындағы В санатында Наиль Ермұханбет 65 шақырымдық қашықтықты 2 сағат 1 минут 21 секундта бағындырып, чемпион атанды. Осы жарыста Кирилл Илюкевич 2 сағат 11 минут 42 секунд нәтижемен күміс медаль иеленді.
Әйелдер арасындағы 55 шақырымдық жарыста Анастасия Калаус үздік нәтиже көрсетті. Ол мәреге 2 сағат 5 минут 47 секундта жетіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал Жұлдыз Қайнарова 2 сағат 9 минут 43 секунд көрсеткішпен екінші орын алды.
Сонымен қатар пара пауэрлифтингтен Қазақстан ерлер құрамасы командалық бәсекеде қола медаль жеңіп алды. Давид Дегтярев, Ерболат Карибай және Станислав Шакиевтен құралған команда 412,09 коэффициент нәтижесін тіркеді.
Осылайша, Қазақстан құрамасының Азия Пара ойындарындағы жалпы жүлде саны 48-ге жетті. Оның 12-сі алтын, 15-і күміс және 21-і қола медаль.
Фото: Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті



