Қазақстан үстел теннисінен Азия чемпионатының ширек финалында Жапонияға есе жіберді

Өзбекстанның Ташкент қаласында өтіп жатқан үстел теннисінен Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы ширек финалда Жапониядан 2:3 есебімен жеңілді.
Қазақстандық спортшылар кездесуді сәтті бастап, екі мәрте алға шыққанымен, басымдығын сақтап қала алмады.
Алғашқы ойында Кирилл Герасименко жапониялық Хирото Синозуканы 3:2 есебімен жеңді. Кейін Алан Құрманғалиев Юта Танакадан 3:1 есебімен басым түсіп, Қазақстан құрамасына екінші ұпайды әкелді.
Алайда Жапония құрамасы қарымта қайтарды. Томоказу Харимото алдымен Ескендір Харкиді 3:0 есебімен ұтса, кейін Кирилл Герасименконы 3:1 есебімен жеңді.
Шешуші кездесуде Хирото Синозука Ескендір Харкиден 3:0 есебімен басым түсіп, Жапония құрамасын жартылай финалға шығарды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының медальдары үшін күресті аяқтады. Дегенмен қазақстандық үстел теннисшілері 5-8-орындар үшін бәсекені жалғастырады.
Келесі кездесуде Қазақстан Үндістан құрамасына қарсы ойнайды. Ал екінші жұпта Иран мен Гонконг кездеседі. Жеңімпаз командалар бесінші орын үшін, жеңілгендер жетінші орын үшін сынға түседі.



