
Шымкентте өтіп жатқан нысана көздеу және стенд атудан Гран-при кезеңінде Қазақстан құрамасы төрт жүлдеге қол жеткізді. Ұлттық құрама спортшылары екі алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленді.
Ерлер арасында 10 метр қашықтықтан пневматикалық тапаншамен нысана көздеу сайысында Кирилл Цуканов үздік нәтиже көрсетті. Қазақстандық мерген финалда 244,4 ұпай жинап, алтын медаль жеңіп алды.
Әйелдер арасындағы дәл осы жаттығуда Ирина Юнусметова жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ол 242,5 ұпай еншілеп, турнир чемпионы атанды.
Жасөспірім қыздар арасында 10 метрден пневматикалық тапаншамен ату сайысында Алисса Краденова күміс медаль иеленді. Оның нәтижесі 232,1 ұпай болды.
Ал жасөспірім ұлдар арасындағы бәсекеде Руслан Ершов 213,9 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Осылайша Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір қола жүлдемен толықты.
Шымкенттегі Гран-при кезеңінде нысана көздеу және стенд ату бойынша жарыстар жалғасып жатыр.



