
Қазақстандық пара дзюдошы Жұрқамырза Шүкірбеков Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.
Отандасымыз J2 санатында 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Финалдық белдесуде Жұрқамырза Шүкірбеков Иран өкілі Мохаммадреза Хейроллахзаде Варзиден басым түсіп, алтын медаль иеленді.
Сонымен қатар 21 қазанда Қазақстан құрамасының қоржыны пара жүзуден тағы бір күміс медальмен толықты.
Әли Тұрғанбеков 100 метрге брасс әдісімен жүзу сайысында 1 минут 44,26 секунд нәтиже көрсетіп, екінші орынға ие болды.
Бұл – Әли Тұрғанбековтің 2026 жылғы Азия Пара ойындарындағы екінші жүлдесі. Бұған дейін ол Сиязбек Далиев, Наталья Звягинцева және Зүлфия Ғабидуллинамен бірге 4×50 метрге кешенді жүзуден аралас эстафетада күміс медаль жеңіп алған болатын.
Фото: Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті



