БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Қазақстан Азия Пара ойындарында тағы төрт алтын медаль жеңіп алды

Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы тағы төрт алтын медаль иеленді. Осылайша ұлттық құраманың алтын жүлделер саны тоғызға жетті.

Пара дзюдодан Ақтолқын Сейілбекова J1 санатында 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Қазақстандық спортшы айналмалы жүйе бойынша өткен төрт белдесудің барлығында жеңіске жетіп, алтын медаль еншіледі.

Осы салмақ дәрежесінде J2 санатында өнер көрсеткен Зарина Раифова да қарсыластарына мүмкіндік берген жоқ. Ол төрт кездесуде де басым түсіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Пара велоспорттан Наиль Ермуханбет B санатында 20 шақырымға жекелей уақытқа жарысуда үздік нәтиже көрсетті. Қазақстандық велошабандоз қашықтықты 34 минут 09,17 секундта жүріп өтіп, алтын медаль жеңіп алды. Осы жарыста Кирилл Илюкевич 35 минут 26,64 секунд нәтижемен күміс жүлдегер атанды.

Әйелдер арасындағы пара велоспорт бәсекесінде Анастасия Калаус та чемпион болды. Ол B санатында 15 шақырымға жекелей уақытқа жарысуда 32 минут 21,54 секунд көрсеткішімен бірінші орын алды.

Жеңіл атлетикадан Ислам Сәлімов T13 санатында ұзындыққа секіруден күміс медаль жеңіп алды. Оның үздік нәтижесі 6,30 метр болды.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасы садақ атудан алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. Темірлан Сейітқамал мен Нұршат Төлеуқасым W1 санатындағы жұптық сайыста финалға дейін жетті. Шешуші кездесуде Қытай құрамасына есе жіберген отандастарымыз күміс медаль иеленді.

Ядро серпуден Махамбет Серікқалиев F53 санатында 6,81 метр нәтижемен үшінші орынға тұрақтап, қола жүлдегер атанды.

Осы нәтижелерден кейін Қазақстан құрамасының Азия Пара ойындарындағы жалпы медаль саны 31-ге жетті. Оның тоғызы алтын, оны күміс және он екісі қола.

Фото: Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті

Басқа жаңалықтар

Back to top button