
Қазақстандық пара жүзуші Диас Кенжебек Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.
Отандасымыз S10 санатында 100 метрге шалқалай жүзу сайысында мәреге бірінші болып жетті. Ол қашықтықты 1 минут 1,98 секундта бағындырып, алтын медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар Диас Кенжебек Азия рекордын жаңартты. Бұған дейінгі құрлықтық үздік нәтиже 1 минут 3,73 секунд болатын.
20 қазанда қазақстандық спортшы тағы бір жүлдеге қол жеткізді. Ол SM10 санатында 200 метрге кешенді жүзуден 2 минут 21,61 секунд нәтиже көрсетіп, күміс медаль иеленді.
Бұған дейін Диас Кенжебек S10 санатында 100 метрге еркін әдіспен жүзуден де күміс жүлдегер атанған еді. Осылайша оның V Азия Пара ойындарындағы медаль саны үшке жетті.
Диас Кенжебектің жеңісі Қазақстан құрамасына жарыстағы бесінші алтын медальді әкелді.
Фото: Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті



