ДЗЮДОТРЕНДТЕ

Бексұлтан Құлмырза Азия Пара ойындарында Қазақстанға төртінші алтынды әкелді

Қазақстандық пара дзюдошы Бексұлтан Құлмырза Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.

Отандасымыз J2 санатында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Финалдық белдесуде Бексұлтан Құлмырза Ким Донхунды иппон әдісімен жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Осы салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Ғалымжан Смағұлұлы да жүлдегер атанды. Ол қола медаль үшін өткен белдесуде ирандық Реза Голамиді жеңіп, үшінші орынға ие болды.

Әйелдер арасындағы жарыста Даяна Федосова да Қазақстан қоржынына қола медаль салды. J2 санатында 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен спортшы үшінші орын үшін өткен белдесуде сингапурлық Хунг Джоан Хуэй Синді иппонмен жеңді.

Осылайша, Қазақстан пара дзюдошылары жарыстың осы күнінде бір алтын және екі қола медаль жеңіп алды.

Бексұлтан Құлмырзаның жеңісінен кейін Қазақстан құрамасының Азия Пара ойындарындағы алтын медаль саны төртке жетті. Жалпы ұлттық құрама қоржынында 20 медаль бар.

Фото: Қазақстан Ұлттық паралимпиадалық комитеті

Басқа жаңалықтар

Back to top button