БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Қазақстан құрамасы үстел теннисінен Азия чемпионатында алғашқы жеңістеріне қол жеткізді

Өзбекстанның Ташкент қаласында үстел теннисінен Азия чемпионаты басталды. Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары командалық жарыста алғашқы кездесулерін өткізіп, ширек финалға шығу үшін күресті жалғастырып жатыр.

Ерлер құрамасы топтық кезеңде екі матчта жеңіске жетті. Алдымен қазақстандық спортшылар Филиппин командасын 3:0 есебімен ұтты. Одан кейін Шри-Ланка құрамасынан 3:1 есебімен басым түсті.

Осы нәтижелердің арқасында Қазақстан ерлер құрамасы бірінші топта көш бастап, плей-офф кезеңіне өтті. Енді ширек финал жолдамасын иелену үшін отандастарымызға қатарынан екі кездесуде жеңіске жету қажет.

Әйелдер құрамасы да турнирді жеңіспен бастады. Алғашқы матчта Қазақстан Мальдив аралдары командасын 3:0 есебімен ұтты. Алайда екінші кездесуде Иран құрамасына 2:3 есебімен есе жіберді.

Нәтижесінде қазақстандық үстел теннисшілері үшінші топта екінші орын алды. Енді үздік сегіздікке қосылу үшін плей-офф кезеңінде үш қарсыласын қатарынан жеңуі тиіс.

Айта кетейік, Азия чемпионатында ерлер мен әйелдер арасындағы үздік алты құрама ширек финалға тікелей жолдама алған. Қалған командалар топтық кезең мен плей-офф арқылы ширек финалдың екі бос жолдамасын сарапқа салып жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button