
Қазақстандық балуан Мерей Базарбаев АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз финалда түркиялық Бекир Кесермен кездесіп, қарсыласынан басым түсті.
Мерей Базарбаев әлем чемпионаты барысында бірнеше мықты қарсыласты жеңді. Ол алғашқы белдесулерінің бірінде жастар арасындағы әлем чемпионы, америкалық Люк Лилледальды 3:1 есебімен ұтты.
Одан кейін франциялық Расул Галбураевты 13:2 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Финалға шығу үшін өткен белдесуде жапониялық Дайто Кацумэден 7:0 есебімен басым түсті.
Шешуші кездесуде де жеңіске жеткен Мерей Базарбаев 23 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионы атанды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасы осы әлем чемпионатында грек-рим күресінен екі алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алған болатын. Сондай-ақ әйелдер күресінен Шұғыла Өмірбек қола жүлдегер атанды.



