
Қазақстан құрамасы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында грек-рим күресінен жалпы командалық есепте екінші орын иеленді.
Ұлттық құрама спортшылары жарысты бес медальмен аяқтады. Қазақстандық балуандар екі алтын, бір күміс және екі қола жүлде жеңіп алды.
60 келіге дейінгі салмақта Айбек Айтбеков, ал 72 келіде Юсуф Ашрапов әлем чемпионы атанды. 87 келіге дейінгі салмақта Темірлан Тұрдақын күміс медаль иеленді.
Сондай-ақ Арсен Жұма (55 келі) мен Джохар Узаров (130 келі) қола жүлдегер атанды.
Жарыс қорытындысында Қазақстан құрамасы 114 ұпай жинап, жалпы командалық есепте екінші орынға тұрақтады. Бірінші орынды 119 ұпаймен Иран құрамасы иеленсе, Ресей командасы 105 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Осылайша, Қазақстан грек-рим күресінен U23 әлем чемпионатын командалық есептегі екінші орынмен аяқтады.



