
Қазақстандық балуан Юсуф Ашрапов АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.
Грек-рим күресінен 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ашрапов финалда Армения өкілі Гаспар Тертерянмен белдесті. Шешуші кездесуде қарсыласынан басым түскен қазақстандық спортшы әлем чемпионы атағын жеңіп алды.
Бұл Қазақстан құрамасының аталған әлем біріншілігіндегі екінші алтын медалі.
Бұған дейін 60 келіге дейінгі салмақта Айбек Айтбеков жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген болатын. Ол финалда әзірбайжандық Эльмир Алиевті жеңді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Лас-Вегастағы U23 әлем чемпионатында грек-рим күресінен екі алтын медаль иеленді.



