Софья Самоделкина Алматыдағы Денис Тен мемориалында қола жүлдегер атанды

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Алматыда өткен Денис Тен мемориалы халықаралық турнирінде үшінші орын иеленді.
Әйелдер арасындағы жекелей сында Самоделкина екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 204,36 ұпай жинады. Ол қысқа бағдарламада 69,45 ұпай алса, еркін бағдарламада 134,91 ұпай еншіледі. Осылайша, қазақстандық спортшы қысқа бағдарламадан кейінгі үшінші орнын сақтап қалды.
Жарыстың жеңімпазы бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен ресейлік Александра Игнатова атанды. Ол жалпы есепте 226,01 ұпай жинады. Ал Оңтүстік Корея өкілі Ким Юджэ 209,20 ұпаймен күміс медальға ие болды.
Турнирде Қазақстан атынан тағы бес мәнерлеп сырғанаушы бақ сынады. Нұрия Сүлеймен 122,40 ұпаймен 14-орын, Алика Халимова 120,56 ұпаймен 15-орын алды. Амира Ирматова 117,00 ұпаймен 16-орынға, Зере Сарбалдина 108,73 ұпаймен 18-орынға, ал Амина Алексеева 98,20 ұпаймен 19-орынға тұрақтады.



