
Қазақстандық теннисші Дмитрий Попко ерлер арасындағы World Tennis Tour турнирлер сериясында айдың үздік ойыншысы атанды.
29 жастағы спортшы осы кезеңде 20 матч өткізіп, оның 19-ында жеңіске жетті. Попко M15 санатындағы үш турнирде чемпион атанып, тағы бір жарыста финалға дейін жетті.
Қазақстандық теннисші алдымен Арменияның Цахкадзор қаласында өткен екі M15 турнирінде қатарынан топ жарды. Бірінші жарыстың финалында аргентиналық Игнасио Монсонды 6:3, 6:4 есебімен жеңсе, келесі турнирдің шешуші кездесуінде Дмитрий Бессоновтан 6:3, 6:2 есебімен басым түсті.
Одан кейін Попко Грузияның Телави қаласында өткен M15 турнирінде жеңіске жетті. Сондай-ақ Сербияның Куршумлия-Баня қаласындағы жарыста финалға дейін барды.
ITF мәліметі бойынша, 2026 жылы Дмитрий Попко кәсіби деңгейде өткізген 43 матчтың 30-ында жеңіске жеткен. Грунт корттарындағы көрсеткіші де жоғары: 30 кездесудің 23-ін өз пайдасына аяқтаған.
Осы нәтижелерінің арқасында қазақстандық теннисші World Tennis Tour Men’s Player of the Month марапатына ие болды.



