Қазақстан гимнастары Азия ойындарында үш финалға жолдама алды

Қазақстан ерлер құрамасы Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында спорттық гимнастикадан үш финалға шықты. Ұлттық команда командалық сайыста, ал Милад Карими екі жекелей жаттығуда медаль үшін күресті жалғастырады.
Іріктеу кезеңінде Карими еркін жаттығулардан 13,833 ұпай жинап, финалға өтті. Сондай-ақ ол кермедегі жаттығуда 13,133 ұпай еншілеп, шешуші кезеңге жолдама алды.
Командалық есепте Қазақстан құрамасы 237,829 ұпаймен төртінші орын иеленіп, финалға шықты. Бұл бәсекеде ел намысын Нариман Курбанов, Милад Карими, Дмитрий Патанин, Нұртан Ыдырысов және Ильяс Азизов қорғап жатыр.
Жекелей көпсайыста Нұртан Ыдырысов тоғызыншы, Ильяс Азизов 13-орынға тұрақтады. Ал Нариман Курбанов, Ильяс Азизов, Нұртан Ыдырысов және Дмитрий Патанин жекелеген снарядтар бойынша финалға өте алмады.
Жекелей көпсайыста қытайлық Чжан Бохэн бірінші орын алды. Жапониялық Синносукэ Ока екінші, оның отандасы Дайки Хасимото үшінші нәтиже көрсетті.
Жарыс ережесіне сәйкес, әр снаряд бойынша финалға үздік сегіз гимнаст өтеді. Бір елден ең көбі екі спортшы ғана қатыса алады.
Ерлер арасындағы командалық финал 23 қыркүйекте өтеді.
Фото: Арлан Олжабай



