Ақтаудағы Шоқыр Бөлтекұлы турниріне 150-ге жуық боксшы қатысып жатыр

Ақтауда қазақ боксының негізін қалаушы, КСРО спорт шебері және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған XVIII халықаралық турнир өтіп жатыр.
Маңғыстау облыстық бокс федерациясының мәліметінше, жарысқа Қазақстан мен шетелден 150-ге жуық спортшы қатысуда.
Халықаралық турнирге Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Түрікменстан боксшылары келген. Қазақстан атынан 11 облыстың, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалаларының өкілдері сынға түсіп жатыр.
Ерлер мен әйелдер бірнеше салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады. Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, арнайы марапаттарға ие болады.
Ақтауда 18-рет ұйымдастырылған турнирдің мақсаты – боксты дамыту, жастарды спортқа тарту және боксшылардың шеберлігін арттыру.



