БОКСТРЕНДТЕ

Азия ойындары-2026: Қазақстан ерлер құрамасының алты боксшысы кімдер?

Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарында бокстан Қазақстан ерлер құрамасының алты спортшысы сынға түседі. Олардың қатарында Олимпиада жүлдегері, әлем және Азия чемпиондары бар.

55 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан өнер көрсетеді. Ол 2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Биыл Испаниядағы халықаралық турнирде топ жарып, Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Махмұд үшін бұл екінші Азия ойындары болмақ.

60 келіде Оразбек Асылқұлов ел намысын қорғайды. Ол биыл Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатының финалында үндістандық Сачинді жеңіп, алтын медаль иеленді. Сондай-ақ оның еншісінде 2024 жылғы құрлық біріншілігінің күміс жүлдесі бар. Оразбек Азия ойындарына алғаш рет қатысады.

70 келіге дейінгі салмақта Төрехан Сабырхан жұдырықтасады. Ол 2025 жылы ересектер арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, финалда жапониялық Сэвон Окадзаваны жеңді. Биыл Таиландтағы халықаралық турнирдің чемпионы атанып, Азия чемпионатында күміс медаль алды. Төрехан да Азиадада алғаш рет өнер көрсетеді.

80 келіде Сабыржан Аққалықов сынға түседі. Қазақстандық боксшы биыл Азия чемпионатында 75 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Финалда өзбекстандық Жавохир Абдурахимовтан басым түсті. Оның еншісінде 2025 жылғы Әлем кубогының алтын жүлдесі де бар.

Нұрбек Оралбай Азия ойындарына екінші рет қатысады. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері биыл Ұлан-Батырдағы Азия чемпионатында 85 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Сонымен қатар Испанияда өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды. Бұған дейін Ханчжоудағы Азия ойындарында 1/8 финалда жарыс жолынан шыққан еді.

Ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай да Жапониядағы додада алғаш рет бақ сынайды. Париж Олимпиадасында ширек финалға жеткен боксшы 2025 жылы әлем чемпионы атанды. Биыл Азия чемпионатында 90 келіден жоғары салмақта алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ оның қоржынында Әлем кубогы кезеңдерінің екі алтын жүлдесі бар.

XX жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты 19 қыркүйекте өтеді. Ал боксшылар арасындағы жарыстар 21 қыркүйекте басталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button