
Қазақстанның Жапонияда өтетін Аичи-Нагоя-2026 XX жазғы Азия ойындарына қатысатын толық құрамы жарияланды. Ұлттық құрама сапына 559 спортшы енді.
Қазақстандықтар жекелей және командалық жарыстарда ел намысын қорғайды. Құрама академиялық ескек есу, жүзу, бокс, күрес түрлері, дзюдо, жеңіл атлетика, гимнастика, велоспорт, волейбол, гандбол, теннис, ауыр атлетика, таеквондо, каратэ, семсерлесу және басқа да спорт түрлерінде өнер көрсетеді.
Құрама сапында Олимпиада чемпионы Елдос Сметов, Олимпиада жүлдегерлері Нариман Курбанов, Нұрбек Оралбай, Назым Қызайбай, Әбиба Әбужақынова, Ғұсман Қырғызбаев, Демеу Жадыраев секілді белгілі спортшылар бар. Дзюдодан Қазақстан атынан 14 спортшы тіркелген.
Жеңіл атлетика құрамасына 30 спортшы енген. Олардың қатарында Нора Джеруто, Дейзи Джепкемей, Надежда Дубовицкая, Анастасия Рыпакова, Георгий Шейко және Максим Фроловский бар.
Бокстан Қазақстан намысын 11 спортшы қорғайды. Ерлер арасында Төрехан Сабырхан, Айбек Оралбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай, Оразбек Асылқұлов және Сабыржан Аққалықов, әйелдер арасында Аида Әбікеева, Алуа Балқыбекова, Виктория Графеева, Назым Қызайбай және Наталья Богданова сынға түседі.
XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Ресми ашылу салтанаты 19 қыркүйекте Нагояда ұйымдастырылады. Кейбір спорт түрлеріндегі жарыстар ашылу рәсіміне дейін басталып кетті.



