
Қазақстан Премьер-лигасының 26-туры аяқталды. Тур қорытындысы бойынша чемпионатта көшбасшы ауысып, «Ордабасы» бірінші орынға қайта көтерілді.
Шымкенттік клуб өз алаңында «Астананы» 1:0 есебімен жеңді. Кездесудегі жалғыз голды 78-минутта Жасұлан Әмір соқты. Ал чемпиондыққа таласып жатқан «Қайрат» Алматыда «Тобылдан» 1:4 есебімен ойсырай жеңілді.
Қостанайлықтар сапында Урош Милованович дубль жасаса, Виталий Лисакович пен Луис Герра бір-бір голдан соқты. «Қайраттың» жалғыз добын Марк Гуаль енгізді. Осы нәтижеден кейін «Ордабасы» басты қарсыласынан бір ұпайға ұзап, турнир кестесінің бірінші сатысына көтерілді.
Қола жүлде үшін таласта «Астана» ұпай жоғалтқанымен, «Оқжетпес» те мүмкіндігін пайдалана алмады. Көкшетаулықтар сырт алаңда «Ертіске» 1:2 есебімен есе жіберді. Павлодарлықтар сапында Лео Калил Абдала екі гол соқты, ал «Оқжетпестен» Оралхан Өміртаев мергендік танытты.
«Ақтөбе» Ақтауда «Каспийді» 2:1 есебімен жеңіп, қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді. Ақтөбеліктердің голдарын Даниэль Соса мен Шейи Оджо соқты. Алаң иелерінен Бернарду Моргадо жауап берді.
«Елімай» өз алаңында «Жетісуды» 2:1 есебімен ұтты. Семейліктер сапында Элош Плакка мен Роман Мұртазаев гол соқты. Бұл Мұртазаевтың биылғы чемпионаттағы оныншы голы болды.
Қалған кездесулерде «Жеңіс» «Қызылжарды» 3:1 есебімен жеңсе, «Қайсар» «Атыраудан» 1:0 есебімен басым түсті. «Алтай» сырт алаңда «Ұлытауды» 3:0 есебімен ұтып, Премьер-лигада қалу үшін маңызды үш ұпай еншіледі.
26-тур нәтижелері:
«Каспий» – «Ақтөбе» – 1:2
«Елімай» – «Жетісу» – 2:1
«Ордабасы» – «Астана» – 1:0
«Жеңіс» – «Қызылжар» – 3:1
«Қайсар» – «Атырау» – 1:0
«Ертіс» – «Оқжетпес» – 2:1
«Ұлытау» – «Алтай» – 0:3
«Қайрат» – «Тобыл» – 1:4
Чемпионаттың шешуші бөлігі қарсаңында «Ордабасы» мен «Қайрат» арасындағы чемпиондық бәсеке жалғасып жатыр. Турнир кестесінің төменгі бөлігінде де Премьер-лигада қалу үшін күрес шиеленісе түсті.



