
Жапонияда өтетін Аичи-Нагоя-2026 XX жазғы Азия ойындарын қазақстандық жанкүйерлер тікелей эфирден тамашалай алады.
Азиада жарыстарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары көрсетеді. Сонымен қатар көрермендерге Азия ойындарына арналған арнайы студиялық бағдарламалар мен Жапониядан тікелей қосылымдар ұсынылады.
XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді. Бағдарламаға 43 спорт түрі мен 71 дисциплина енгізіліп, жалпы 469 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Бірқатар спорт түріндегі бәсекелер ресми ашылу салтанатына дейін басталды. Баскетбол жарысы 10 қыркүйекте жалауын көтерді. Сондай-ақ 19 қыркүйекке дейін волейбол, қазіргі бессайыс, крикет, текбол, футбол, көгалдағы хоккей және гандболдан алғашқы кездесулер өтеді.
Аичи-Нагоядағы Азия ойындарында Қазақстан атынан шамамен 560 спортшы өнер көрсетеді деп жоспарланған.



