
Қазақстан құрамасы спорттық құзға өрмелеуден Қытайдың Чунцин қаласында өтетін Әлем кубогының кезекті кезеңіне қатысады.
Халықаралық жарыс 18-20 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады. Қазақстан атынан бес спортшы сынға түседі.
Ерлер арасындағы жылдамдық сайысында Әлихан Татамбай, Рашид Хайбуллин және Ришат Хайбуллин ел намысын қорғайды. Әйелдер бәсекесінде Арина Новицкая мен Анна Баларшина жарыс жолына шығады.
Қазақстандық спортшылар эстафеталық сайыстарға да қатысады. Ерлер арасында Рашид Хайбуллин мен Ришат Хайбуллин жұбы өнер көрсетсе, әйелдер эстафетасында Анна Баларшина мен Арина Новицкая бақ сынайды.
Аралас эстафетада Қазақстан атынан Әлихан Татамбай мен Арина Новицкая сынға түседі.
Чунциндегі Әлем кубогының кезеңі 20 қыркүйекте мәресіне жетеді.



