
CP Football-дан Қазақстан ұлттық құрамасы Англияда өткен IFCPF World Championship 2026 турнирін қола медальмен аяқтады.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы алғашқы екі кездесуінде АҚШ пен Италиядан жеңіліп қалды. Алдымен америкалықтарға 0:8 есебімен есе жіберсе, екінші матчта Италия құрамасына 0:6 есебімен жол берді.
Үшінші ойында қазақстандық футболшылар алаң иелері «Лафборо» клубын 9:3 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Жартылай финалда Қазақстан құрамасы қайтадан АҚШ командасымен кездесіп, 0:7 есебімен жеңілді.
Үшінші орын үшін өткен матчта қазақстандықтар «Лафборо» клубымен қайта кездесіп, бұл жолы 7:2 есебімен жеңіске жетті. Осы нәтижемен Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Шыңғыс Темірханов турнир қорытындысын жоғары бағалап, әлем чемпионатына қатысудың өзі команда үшін маңызды жетістік екенін атап өтті.
Оның айтуынша, турнир барысында классификацияға байланысты бірнеше негізгі ойыншы құрамнан шығып қалған. Соған қарамастан, футболшылар бар күшін салып, жоғары нәтиже көрсетті.
Бас бапкер бұл жарыстың Қазақстандағы CP Football және жалпы парафутбол жүйесін дамытуға үлкен тәжірибе бергенін айтып, командаға қолдау көрсеткен Қазақстан футбол федерациясының басшылығына алғыс білдірді.



