
Қазақстанның әйелдер хоккей құрамасы B дивизионындағы әлем чемпионатына дайындықты Алматыда өткізеді. Бұл туралы Қазақстан хоккей федерациясы хабарлады.
Жаттығу жиыны Туризм және спорт министрлігіне қарасты Олимпиадалық даярлау орталығы базасында өтеді. Оған ұлттық құрамамен қатар жастар және жасөспірімдер командаларының ойыншылары шақырылған.
Дайындық кезеңі 22 наурызда басталады. Кейін команда 2 сәуірде Испанияға барып, оқу-жаттығу процесін жалғастырады.
Әлем чемпионаты 12-18 сәуір күндері өтеді. Қазақстан құрамасы турнирде Латвия, Нидерланд, Корея, Ұлыбритания және Испания командаларымен кездеседі.



